Жаңалықтар

Полиция “Жаңа адамдардың” белсенділерін ұстауға тырысты

Ақпанның он тоғызында “Жаңа адамдар” Жастар қозғалысы елордалық Асфендияров 2 мекен-жайында орналасқан  «KaiMart» дүкенінде пикет өткізді.
Оған себеп осыған дейін дүкен қызметкері 15 жасар қызға арақ бөтелкесін сатқан болатын. Сатушы өз кінәсін мойындаудан бас тартқаны аздай, жанжалға дүкен иесі де қосылды.
Пикет күні дүкен иесі де сол жерде болды. Ол белсенділерді қорлап, жазамен қорқытты және төбелес ұйымдастыруға барын салды. Нәтижесінде дүкен иесінің агрессивті әрекеттерін түсіріп тұрған пикет қатысушысының телефонын сындырды.
Сол күні кешке “Жаңа адамдар”
кампусы алдына бірнеше полиция көлігі мен екі автобус келді. Нұра Астана ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жастар қозғалысының жұмысына кедергі жасап, кампусты 4 сағат бойы жауып тұрды. Бұл жерде әрине, шартты сұрақ туады. Автобус көліктерінің келу себептері неде? Полицейлер неге сағаттап кампусты қоршауға алды? Бұл құқық қорғау органдарының заң бұзушыны ашықтан-ашық қорғауы ма? Әлде арнайы операция ма?

Десе де полиция қызметкерлері өз әрекеттерін пикеттің әсерінен белсенділерге қарсы арыз жазғанымен түсіндірді. Полиция ондаған белсенділерді бірден бөлімшеге алып кетуге тырысып бақты. Алайда бірнеше сағаттан кейін полицейлер әрекеттерінің негізсіз екенін түсініп, қайтып кетті.
Келесі күні Нұра ауданы полиция басқармасының қызметкерлері “Жаңа адамдар” белсенділерін кампусты бұғаттаумен болған оқиғаны талқылау үшін бөлімшеге шақырды. Диалог нәтижесінде жанжал шешілді. Полиция «KaiMART» дүкеніне қатысты кәмелетке толмағандарға алкоголь сату туралы іс сотқа жіберілгенін тілге тиек етті.
Енді «KaiMART» дүкенінің иесін жаппай пикеттер мен әкімшілік жаза күтіп тұрғаны анық.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close