Жаңалықтар

ШӘКЕН АЙМАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Бүгін қазақтың біртуар перзенті, талантты режиссер, актер, КСРО халық әртісі, қазақ киноөнерінің негізін қалаушылардың бірі Шәкен Аймановтың туған күні. Режиссердің алтын қорда сақталған «Алдаркөсе», «Атамекен», «Тақиялы пе­ріште, «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры» сынды фильмдері шоқтығы биік, қазақ кино өнерінің бастауында тұрған дүниелер.  Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Айманбұлақ ауылында дүниеге келген. Шығармашылық жолын театр сахнасынан бастаған таланттың Абай, Хлестаков, Ақан сері, Кассио, Қобыланды, Отелло рөлдері қазақ театр өнері тарихындағы бірегей бейнелер болып қалды. Өнерін шыңдай жүріп, театр режиссурасының қыр-сырымен танысқан Айманов, бірнеше пъесаларды сахналап, көрерменге ұсынды.  Асанәлі Әшімов, актёр, Қазақстанның Еңбек Ері: — Шәкеңдер табиғаттан талантты туған адамдар ғой, киноның оқуын бітірген емес, театрда да сондай. Соған қарап отырсаң бәрін меңгерді ғой, театрды бір үлкен сатыға жеткізіп, содан кейін барып киноға 53-жылдары келді. Содан жәйлап бастады. Сол осы «Атаманның ақырына» дейін өзінің шеберлігін шыңдады. 53-ші жылдары киноға кәсіби маман ретінде бет бұрса, өнердің бұл түрімен таныстығы ертеректе басталған. 1938 жылы қазақ жерінде түсірілген тұңғыш дыбысты кинотуынды — «Амангелді» фильмінде массовкаға қатысады. Осылайша ол, сиқырлы кино әлемінде мәңгіге қалып қояды. Оның картиналары қазақ киносының көшін түзеп, көкжиегін кеңейтті.  Дана Нұрбекова, кинотанушы: — Қазақ киносына қосқан үлесі ретінде, жаңалығы ретінде төртінші қабырғаны бұзуын айтамыз. Мысалы, төртінші қабырғаны оған дейін, қазақ киносында бұзбаған болатын. Ол кейіпкерлердің, тікелей камераға қарап сөйлеуі. Тақиялы Періште, мысалы, ең бірінші кадр дәл сол сахнамен төртінші қабырғаны бұзумен басталады.  Көзкөргендер Шәкен Аймановтың қағытпа қалжыңы мен әдемі әзілін жиі еске алады. Жеті өнерді меңгерген ол, актерлігі мен режиссерлігінен бөлек, шахматтан өзіне қарсылас шақ келтірмей, ән мен биді де нақышына келтіріп орындайтын болған.  Асанәлі Әшімов, актёр, Қазақстанның Еңбек Ері: — Шәкеңменен жұмыс істеу өте оңай әрі қиын. Өзі съемка алаңында елдің бәрін күлдіріп осы көңілді болатын. Көңілді коллективте, көңілді ортада жұмыс істеу өте оңай, бір жағынан. Қиын жағы ол кісінің көзінше алдауға болмайды, актер, өзі ұлы актер, өзі ұлы режиссер, оның алдында ойнау өте қиын. Актер, режиссер Болат Қалымбетов, Шәкен ағаны алғаш 10 жасында көріпті. Табиғатынан дарынды тұлғамен кино түсіру алаңында бірге жүргенім бір бақыт, алайда Аймановтың бір фильміне түспегеніме өкінемін, — дейді ол.  Болат Қалымбетов, актер, режиссёр: — Өзіміздіің классиктерді, Шәкен аға бастаған, Абдулла Қарсақбаев, Қожықов, Бегалиннің киноларын көруіміз керек. Тамырымыздан айырылмас үшін. Себебі қазақ киносының түпкі тамыры, осы кісілер жасап кеткен. Дәстүр жалғасы дейді ғой. Сондықтан біз бұл кісілерді ұмытпауымыз керек.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close