Жаңалықтар
СУ ТАСҚЫНЫ. ӘУЕ КҮШТЕРІНЕ ҒАНА СЕНІП ОТЫРҒАН АУЫЛ КӨП
Ақтөбе облысының әскери ұшқыштары апатты аймақтан мыңнан аса адамды эвакуациялады. Су басқан ауыл-аймақтарға 19 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізді.
Ісіне адал азаматтар әуе көлігін басқаруда кейде белгіленген уақытты да елемей, қауіпті аумақтарда да құтқару жұмыстарын жүргізгенін жасырмайды. Қазір тікұшақтар шалғайдағы Ойыл ауылының тұрғындарына көмекке келді.
Рүстем Жайлыбаев – әскери әуе күштері құрамындағы жас ұшқыш. Көктемгі тасқын басталғаннан бері су басқан елді мекендерді аралап жүр. Жақында өте күрделі құтқару жұмыстарын жүргізді. Айналада электр бағандары болғанына қарамастан, тікұшақты әуеде ұзақ ұстап, қыстақта қалып қойған жұмысшыларды арқанмен тартып алған.
Құтқару операциясы Ойыл ауданындағы қыстақтың бірінде өтті. Рүстем Жайлыбаев, аға ұшқыш: – Тікұшақтың қонатын жері қауіпті болды. Бірақ соған қарамастан біз сол адамдарды құтқарып алдық. Олар судың ортасында, шөптің үстінде 4 адам, 3 адам трактордың үстінде қалып қойған. Басқа жерге бара алмаған. Адамдар 4 күн сусыз, тамақсыз салқында отырған. Ұшқыштардың ерлігі мұнымен шектелмейді. Қазір облыстың шалғай Ойыл ауданына гуманитарлық жүк жөнелтіліп жатыр.
Себебі аудан орталығы бағытындағы тасжолды су шайып кеткен. Әскерилер бұл жолы 2 тоннаға жуық азық-түлік жеткізбек. Әскери қызметшілер су тасқыны басталған уақыттан бері күні-түні еңбек етіп жатыр. Ал соңғы күндері облыстың Ойыл ауылына тұрақты түрде гуманитарлық көмек жеткізумен келеді. Себебі, ауданның екі ауылындағы 300-ден астам үй су астында қалды. Ал оның тұрғындары қазір аудан орталығындағы эвакуациялық орталықтарда. Ойылға суға кеткен елді мекендерден мыңнан астам адам эвакуацияланды. Басым бөлігі әскерилердің арқасында көшірілді. Жасұлан Досқұлов, Қаратал ауылының тұрғыны: – Біздің тілегіміз енді тездетіп шығу. Шыққанда қайда барамыз, ауылға барғанда үйіміз жоқ. Біз онда тұрғымыз келмейді, бетіміз қайтты. Былтыр да осылай, биыл да осылай. Енді Құдай біледі, не болатынын. Болса бізге басқа бір тың жерден Құмжарған сияқты, иә қала сияқты бір жерден үй берсе. Малдан айырылдық бәрінен. Шығанақ Берсиев ауылына да қажетті заттар тікұшақтармен келіп жатыр. Қазір елді мекенде онға жуық ер адам қалған. Олар үйлерді қарап отыр.
Талғат Күлжанов, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институты бастығының орынбасары: – 28-нен бастап, 150-ден астам ұшулар өтті. 1100-ден астам адам эвакуацияланды және 19 тоннадан астам гуманитарлық көмек бүкіл ауыл-аймақтарға жеткізілді. Әсіресе, Ойыл ауданы және Ырғыз ауданындағы Әйке деген, Қобда ауданындағы Көктал, Көкүй деген сияқты ауылдарға барды және сол жақтан адамдарды қауіпсіз жерге жеткізді. Су басқан аудандарға тікұшақтарды жиі жөнелту жолға қойылған. Бұл ретте төтенше жағдай қызметі, ауа райын болжаушы мамандар және өзге де мекеме өкілдері бірлесе еңбек етіп жатыр.