Әлеумет және қоғам

103 жастағы Ұлы Отан соғысы ардагері Алим Кебиров референдумда дауыс берді

Ұйғыр ауданындағы жалғыз ардагер, 103 жастағы Алим Кебиров бүгінгі референдумда өз таңдауын жасады. Соғыс даласынан аман оралған қария Конституцияны елдің бейбіт өмірі мен дамуының кепілі деп бағалап, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Ол ел бірлігінің маңыздылығын атап, жастар мен болашақ ұрпаққа ақ батасын беріп, еліміздің аман, бейбіт заманда өмір сүруін тіледі.

Ұйғыр ауданындағы жалғыз Ұлы Отан соғысы ардагері, 103 жастағы Алим Кебиров бүгінгі республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, Алим атамыз соғыс даласынан аман оралып, зейнет жасына жеткенше ел экономикасына үлес қосқан, әрі осы уақытқа дейін барлық саяси науқандардан қалыспаған.

Бахар ауылындағы №921 дауыс беру учаскесіне келген қария дауыс берген соң:

«Конституция – еліміздің басты құжаты. Ол біздің бейбіт өміріміздің кепілі. Заман өзгеріп, қоғам дамып жатыр, сондықтан өзгерістер қажет. Мен жасым келсе де елімізде болып жатқан жаңалықтарға әрқашан назар аударып, қолдау көрсетемін. Соғыстан аман оралдық, достарымыз бен бауырларымыз қайтпады. Қазір де әлемдегі жағдай алаңдатады, сондықтан еліміздің тыныштығы мен бірлігі үшін әркім үлес қосуы керек», – деді Алим ата.

Ардагер елдің бірлігін сақтаудың маңыздылығын атап өтті:

«Бізге ұрыс емес, татулық қажет. Бейбіт өмірдің қадірін білейік. Болашағымызға немқұрайлы қарамайық. Елдің дамуы мен алдыңғы қатарлы мемлекет болуы үшін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін үлес қосуы керек. Сондықтан мен бүгін өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. Еліміз аман, бейбіт болсын», – деп ақ батасын берді.

Сонымен қатар, қария елімізде болып жатқан оң өзгерістерге риза екенін білдіріп, бүгінгі тарихи күннің сәтті өтуін тіледі.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button