БілімЖаңалықтар
11 АҚПАН – ҒЫЛЫМДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР МЕН ҚЫЗДАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КҮНІ
Бұл күн әйелдер мен қыздарымыздың ғылым мен техника саласындағы мүмкіндіктерін дамытуға қолдау көрсетудің маңызын еске салады. Бұл туралы Қазақстан Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Аида Балаеваның айтуынша, ғылымға қызығатын қыздар үшін үлгі алатын тұлғалардың болуы маңызды. Комиссия төрағасы жақында биолог, белгілі ғалым Күнсұлу Закарья вакцинация саласының дамуына үлес қосқан әйелдердің әлемдік рейтингіне енгенін, оның жетекшілігімен бір топ ғалым 2020 жылы отандық «QazVac» вакцинасын әзірлегенін атап өткен. Сондай-ақ Аида Балаева белгілі ғалымдар Нағима Айтхожина мен Патшайым Тәжібаева сияқты тұлғалармен мақтанатынымызды айтқан. «Қазақстандық ғылым жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Мемлекет басшысы бұл бағыттың маңыздылығына ерекше мән беріп отыр. Осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстар айтарлықтай нәтиже көрсететін ғалымдардың жаңа қауымдастығының қалыптасуына ықпал етті. Дегенмен бұл күндері ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысатын әйелдердің үлесі шамамен 54% құрайды, бұл – 10 мыңнан астам адам. Алайда олардың есімдері мен жетістіктерінен көпшілігі бейхабар. Сондықтан осы жазбам арқылы баршаңызды ғылымдағы әйелдерді қолдауға және олардың есімдері мен жетістіктерін көбірек насихаттауға шақырамын», – Аида Балаева, Қазақстан Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы.