
Қазақстандық жас спортшы Айым Серікбаева таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ташкентте өтіп жатқан әлем біріншілігінің финалында ол мексикалық қарсыласы Понсе Нуньес Дара Ширлиді 2:0 есебімен сенімді түрде жеңіп шықты.
Жекпе-жек бойы Айым қарсыласына мүмкіндік бермей, өз деңгейін анық көрсетті.
Бұл – жай ғана жеңіс емес. Қазақстан таеквондосы үшін үлкен тарихи сәт.
Себебі жастар арасындағы әлем чемпионатында ел құрамасы соңғы рет алтынды 2006 жылы алған еді.
Міне, араға 20 жыл салып, көптен күткен алтын қайта оралды.
Айта кетейік, Айым бұған дейін де жақсы нәтижелер көрсетіп, Азия чемпионы атанған және жастар арасындағы Азия ойындарында топ жарған.
Қазір Ташкенттегі жарыста Қазақстан қоржынында тағы екі қола бар. Оларды Ерасыл Ерзат пен Ислам Медетбай жеңіп алды. Чемпионат 17 сәуірге дейін жалғасады.



