Жаңалықтар

«Былтырғыдан сабақ алған». Биыл Тәжікстан өнімдерінің жәрмеңкесінде «тонауға» мүмкіндік бермеді

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Биыл да Астанада Тәжікстан өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жәрмеңкеде жаңа піскен жеміс-жидек, көкөніс, табиғи бал, жаңғақ, кептірілген жеміс, түрлі дәмдеуіштер және т.б. бар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жеміс-жидектің түр-түрі де елордалықтарға арзан бағамен сатылып жатыр. Тәжік аспаздары палау басып, көпшілікке тәтті-дәмділерінен дәм татқызды.

«Бұл жәрмеңке биыл осымен екінші рет өтіп жатыр. Біз  Тәжікстаннан 1000 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін астаналықтарға ұсынып отырмыз. Сондай-ақ қолөнер бұйымдары сатылымға шығарылған және концерттік бағдарлама жоспарланған. Осындай жәрмеңкелер алдағы уақытта да өтеді деп үміттенеміз», – деді Соғды облысы төрағасының  ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Зариф Мирдадо.

Жәрмеңкенің негізгі сахнасында Тәжікстан мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен концерт ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылар былтырғы қателіктен сабақ алған. Өйткені өткен жылы Тәжікстан тауарлары қойылған жәрмеңкені жұрт талап кеткен еді.

«Тәжікстанның жәрмеңкесіне барып-келдік. Биыл қауын-қарбызды қоршап қойыпты, сосын өзіміздің полиция өкілдері қосымша қоршап тұр екен. Содан амалсыздан сатып алуға тура келді», «Бізді, астаналықтарды енді соншалықты жабайы көрмеңіздер, айналайындар. Бізден асқан мәдениетті қала жоқ», «Есесіне тәжік басшысының нұрлы жүзі бейнеленген суреттер қоршалмапты». «Айтпақшы, қызыл алмасы дәмді екен, ал ұлттық қуыршақтары біздікінен арзан», «Тәжік сатушыларының бәрінде Kaspi Gold бар екен, іштей «әй, өзіміздің тәжіктер ме екен»  деген күдік те болды. Бірақ төлем жасап, сатушыға көрсеткенімде, каспи-голдым қазақша болғасын, әр сатушы телефонға тесіле қарады. Иә, тәжіктерді осылай да таң қалдыруға болады екен», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close