Жаңалықтар
Саясаткер: Медиакеңістік жеңіл әңгімеге толы, маңызды мәселелерге сараптама жасалмайды
Фото: ашық дереккөз
Үкіметте журналистер отставкаға кету, тағы да басқа мәселеге қатысты арандататын сұрақтар қояды. Соның әсерінен ақпараттық кеңістік қажетсіз жаңалықпен толығып, талқылануы тиіс тақырыптар тысқары қалып жатыр деп айтты саясаттанушы Данияр Әшімбаев, – деп хабарлайды qandastar.kz
«Роман Скляр бүгінгі брифингте орынсыз сауалдарды атап өтті. Бір жағынан, министрлер өзекті сұрақтарға жауап беріп, өз ұстанымдарын дәлелдеп, пікірталас жүргізе алуы керек. Екінші жағынан, іс жүзінде үкіметке қандай да бір бақылау енгізу қажет. Өйткені қазір сараптамаға емес, сыбыстарға негізделген хайп әңгімелерге ден қойылады. Идеология емес, жеке мүдде алға шығып тұр» деп жазды ол телеграм арнасында.
Айта кетейік, жақында Президент қоғамның әкімдерге қояр талабы әрқашан жоғары екенін айта келе, әкімдердің әр қадамын аңдып, жөнсіз килігетіндерді де сынады.
«Қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары. Бұл – заңды құбылыс. Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет», – деді президент.