ӘлеуметЖаңалықтар

Президент Жолдауы: Салықтан босатылған кәсіпкерлер 382 млрд теңге үнемдеді

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов шағын және орта бизнес субъектілеріне көрсетілетін қолдаудың негізгі нәтижелерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Шағын және орта бизнесті қолдау Президент Жолдауының басымды міндеттердің бірі болып табылады. Бүгін еліміздің белсенді халқының 30%-тен астамы шағын және орта бизнеспен айналысады. Соңғы 5 жылда ШОБ субъектілер саны 1,5 есеге 1,3 млн-ға дейін артты» – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде Президент Жолдауының алғашқы нәтижелері туралы ғылыми-практикалық конференцияда.

Сонымен бірге, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, шағын және шағын кәсіпкерлік субъектілері үш жылға табыс салығын төлеуден босатылады.

«Бұл жеңілдік 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және заңнамалық түзетулер пысықталды.Нәтижесінде, бизнес 3 жылда 382 млрд теңге үнемдей алады. Үнемделген сома кәсіпкерлерге айналым қаражатын толықтыруға және жалпы өз қызметтерін жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Р. Дәленов.

Атап өткен жөн, мұнда акцизделетін өнімді өндіру және көтерме саудада өткізу, ойын бизнесі, лотерея өткізу, бензинді, дизель отынын және мазутты бөлшек саудада өткізу, астық қабылдау пункттерінде астықты сақтау, радиоактивті материалдар айналымы, банктік, аудиторлық сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы, кредиттік бюролар, күзет қызметі, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы, жер қойнауын пайдалану және сыртқы экономикалық қызмет субъектілері салық төлеуден босатылмайды.

«Шағын және орта бизнес салықтан босатыла отырып, 2020 жылы 1 қаңтардан бастап тексеру бойынша да 3 жылға мораторий енгізіледі. Орта есеппен 3 жыл ішінде 100 мыңға жуық тексеру жүргізілмейтін болады. Бұл әкімшілік жүктемені төмендетуге, бизнес-ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бизнесті оңай жүргізуге және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді», – деді Ұлттық экономика министрі.

Бұл ретте, мораторий мынадай тексерулерге қолданылмайды: халыққа жаппай қауіп-қатердің алдын алуға байланысты,кәсіпкердің өз өтініші бойынша, кеден және салық органдары, прокуратура органдары, сәйкестікті бағалау саласында, «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Заңда және қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер бойынша және өнімнің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін мониторингілеу мақсатында.

Айта кетейік, елордада Президент Жолдауының алғашқы нәтижелері талқыланып жатыр. Оған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев, мемлекеттік органдардың, Қазақстанның ғылыми-сараптамалық қауымдастығының 80-нен астам өкілі қатысуда.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close