Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда Қытай елшілігіне наразылық білдірген бір топ тұрғын аштық жарияламақ

Қудалауға ұшырап, қамалған туыстарын босатуды талап еткен бір топ тұрғын Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігіне барды. Олар Шыңжаңда қалған жақындарының негізсіз айыпталып жатқанын айтып, көрші елдің Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен тілдеспек болды. Бірақ елшіліктің ішіне кіре алмады. Айтуларынша, Қытай билігі Қазақстан азаматтарын заңсыз ұстап, қамаған. Енді олар тез арада көрші ел тарапы жауап берсін, болмаса елшілік алдында қонып, аштық жариялаймыз деп отыр. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Гүлбаран бес жылдан бері Қытайдың түзеу мекемелеріне қамалған туыстарын босатуды талап етіп жүр. Айтуынша, көрші ел билігі інісіне жазықсыз жала жауып, қамап қойған. Ол шыңжаңдықтардың басым бөлігі діни ұстамына байланысты қысым көріп жатыр дейді.

“Екі ай намаз үйренгені үшін қамап тастаған. Бір ауылдың молдасын ұстап, сол молданы ұрып-соғып мойындатып, менің балам бастаған бір топ бала жазықсыз сотталып отыр. Бауырымның жалғыз баласы. Бауырым аурушаң болды. Ол жерде арыздануға құқығың жоқ”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Гүлбаран Өмірәлі.

Қытай елшілігіне келген ашулы топ қолдарына “жазықсыз жазаланды” деген туыстарының суреттерін ұстап тұрды. Олар көрші елдің Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен тілдеспек болды. Бірақ жиналған елдің арызын тыңдауға бірде-бір шенеунік шыққан жоқ. Полицейлер де “елшіліктің жаңа ғимаратында ешкім жоқ” деді. Ал сыртқы істер министрлігінің өкілі Болат Сырлыбаев жиналғандардың талаптары туралы білетінін айтты.

“Бұл кісілердің талабын білеміз. Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Бірнеше жыл болды. Бұл кісілердің көбісін өзіміз қабылдағанбыз. Сондықтан қазір біз барайық, құжаттарын көтеріп қарайық, арыздарын алайық тағы да”, – дейді ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің басқарма басшысы Болат Сырлыбаев.

Талабын айтуға келгендер шенеуніктер мардымды жауап бермесе, елшілік алдында қонамыз деді. Себебі жеті айдан бері Алматы қаласындағы консулдық алдында ішкі наразылықтарын білдіріп, аштық жариялап шаршапты. Сондықтан бас қалаға келіп, талапты елшінің өзіне айтуды ұйғарған.

”Адырна” ұлттық порталы

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close