Жаңалықтар

Депутаттар: Мектепке арналған жерлер ойын-сауық орнын салуға беріліп жатыр

Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Соңғы жылдары Қазақстанда мектеп пен балабақша салынуы тиіс жер телімдері жекеменшік компанияларға өтіп, олардың орнына сауда, көңіл көтеру орындары бой көтеріп жатқан жағдайлар жиі кездесуде. Бұл мәселе Мәжілісте Құрылыс кодексін талқылау барысында көтерілді, деп жазды qandastar.kz

Депутаттар жоспарлы түрде әлеуметтік инфрақұрылымға арналған учаскелердің кейін баспана, дүкен, тіпті түнгі клуб құрылысына беріліп жатқанын сынға алды. Халық көп шоғырланған аудандарда мектептер жетіспей, балалар алыстағы білім ошақтарына қатынауға мәжбүр.

«Инвестордың сұранысын сылтауратып, әкімдіктер мектепке арналған жерлердің мәртебесін өзгертіп жатыр. Бұл – мемлекеттің дамуына қарсы әрекет», – деді халық қалаулылары.

Олардың пікірінше, мұндай жағдайлар жергілікті билік пен құрылыс компанияларының мүдделерінің астасқанын көрсетеді. Білім беру мекемелерінің орнына коммерциялық нысандар салу – балалардың құқығын аяққа таптау.

Депутаттар Үкіметке мынадай ұсыныстар жолдады:

  • мектеп пен балабақшаға арналған жерлердің нысаналы мақсатын өзгертуге заң жүзінде шектеу енгізу;

  • қажет болған жағдайда баламалы жер тек сол маңнан, 100 метрден аспайтын қашықтықта бөлінуі керек;

  • мұндай шешімдер қоғамның қатысуымен, ашық талқылау арқылы қабылдануы қажет.

«Әлеуметтік мақсаттағы аумақты жеке табыс көзіне айналдыру – сыбайлас жемқорлықтың белгісі. Бұған жол бергендер жауапқа тартылуы тиіс», – деді депутаттар.

Олар бұл нормаларды заң жобасының екінші оқылымына дейін енгізуді талап етті.

«Бұл – құрылыс мәселесі ғана емес, бұл – болашақ ұрпақтың құқығын қорғау. Мектеп пен балабақшаға арналған жерлер – қасиетті, оны саудаға салуға болмайды», – деп түйіндеді депутаттар.

Back to top button