2025 жылдың 1 қазанына дейін ерікті қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден еліміздің еңбек ресурсы тапшы аймақтарына барлығы 5 213 адам көшіп барды. Олардың ішінде 1 725 адам – қандас, ал 3 488 адам – ішкі қоныс аударушылар. Барлық қатысушыларға мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілді, деп жазды qandastar.kz
Қай өңірге қанша адам қоныстанды?
Қоныс аударғандардың басым бөлігі төмендегі облыстарға орналасқан:
-
Павлодар – 1 886 адам
-
Солтүстік Қазақстан – 1 516 адам
-
Қостанай – 575 адам
-
Шығыс Қазақстан – 490 адам
-
Абай – 305 адам
-
Ақмола – 257 адам
-
Атырау – 103 адам
-
Ұлытау – 43 адам
-
Қарағанды – 38 адам
Келген қандастардың географиясы
Қазақстанға оралған қандастар негізінен мына елдерден:
-
Өзбекстан – 612 адам
-
Қытай – 563 адам
-
Моңғолия – 377 адам
-
Ресей – 84 адам
-
Түрікменстан – 49 адам
-
Басқа елдерден – 49 адам
Жұмысқа орналасу және кәсіпкерлік
Еңбекке қабілетті жастағы 2 307 адам ішінен:
-
1 041 адам тұрақты жұмысқа орналасты
-
38 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысуда
Олардың ішінде денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және басқа да салаларда еңбек ететіндер бар.
Жаңа өмір – Құрмешовтар отбасының тарихы
Құрмешовтар отбасы — ерікті қоныс аударудың сәтті үлгісі. Олар Маңғыстау облысынан Қостанайға қоныс аударып, жаңа өңірге бейімделіп қана қоймай, кәсіби өмірін де жолға қойған.
Қанат Құрмешов – екі жоғары білім иесі, WKF каратэден жаттықтырушы болып жұмысқа орналасқан. Оның жұбайы Ләззат Оразмағанбет кәсіпкерлік бастаманы дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, фитнес клуб ашу үшін грант ұтып алған. Биыл Қанат та 1,5 миллион теңгеге жуық грант алып, кондитерлік цех ашуға кіріскен.
«Мемлекеттің қолдау шаралары бізге жаңа өмір бастауға мүмкіндік берді. Қоныстану кезеңінде көрсетілген көмек біз үшін өте маңызды болды», – дейді Қанат Құрмешов.
Мемлекеттік қолдау тетіктері
Ерікті қоныс аударушылар мен қандастарға төмендегі қолдау ұсынылады:
-
70 АЕК көлемінде бір реттік көшуге арналған төлем
-
12 ай бойы 15-30 АЕК көлемінде тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындарға арналған субсидия
-
Кәсіптік оқуға жіберу, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
-
Экономикалық ұтқырлық сертификаттары
-
Жұмыс берушілерге – 400 АЕК көлемінде субсидия (тұрақты жұмыс және тұрғын үй жағдайы болса)