Бүгін әлемнің ең ірі мәдени және баспа индустриясына арналған шаралардың бірі – 77-ші Frankfurter Buchmesse халықаралық кітап көрмесі өз жұмысын бастады, деп жазады qandastar.kz
Биыл көрмеге 92 елден 4 000-нан астам баспа ұйымы қатысуда. Қазақстанның ұлттық стенді көрме бағдарламасында ерекше назарға ілікті.
Көрме аясында 16 қазан күні қазақстандық «Arman-PV» баспасы жаңа еңбегін – «Көшпенділер ойындары / Nomad Games / Игры кочевников» атты кітапты таныстырады.

Жобаның жетекшісі және идея авторы – Дидара Алина,кітаптың авторы – жазушы Кымбат Караева.
Басылым үш тілде жарық көріп, көшпелі мәдениеттің бай мұрасын қазіргі заманмен ұштастыра отырып, ұлттық ойындардың философиясын көрсетеді.
Бәйге, көкпар, қыз қуу, жамбы ату, тоғызқұмалақ пен асық ойыны сияқты дәстүрлі ойындар арқылы қазақ халқының өмір салты мен рухани әлемі, ұлттың батырлық болмысы және ұрпақ сабақтастығы кеңінен ашылады.
Жобаның басты ерекшелігі – иллюстрациялар жасанды интеллект (AI) көмегімен жасалған. Бұл дәстүр мен инновацияны ұштастырған жаңа буын кітап үлгісі болып табылады.
Қазақстандық делегацияның Франкфурт көрмесіне қатысуы — ұлттық әдебиет пен баспа ісін халықаралық деңгейде ілгерілетудің маңызды қадамы.
«Arman-PV» баспасы бұл беделді шараға жыл сайын қатысып келеді, ал министрлік қолдауымен екінші рет ұлттық құрамда көрмеге қосылып отыр.
Биыл Қазақстаннан елдің жетекші баспалары қатысып, жаңа жобаларын, аударма еңбектерін және халықаралық әріптестік бағыттарын таныстыруда. Бұл – қазақстандық кітап нарығының өсіп келе жатқан әлеуетін, отандық баспалардың кәсіби деңгейін және әлемдік баспа кеңістігіне ашықтығын көрсетеді.
Көрменің маңызы мен ықпалы
Frankfurter Buchmesse – тек баспа индустриясының көрмесі емес, әлемдік мәдени трендтер айқындалатын зияткерлік алаң.
Мұнда жаңа технологиялар, цифрлық білім беру шешімдері, авторлық құқық және контент экспорты мәселелері талқыланады.
Қазақстанның осындай алаңда өз орнын иеленуі — елдің мәдени дипломатиясының және зияткерлік брендінің қалыптасып келе жатқанын дәлелдейді.
Қатысушылар пікірінше, ұлттық стендтің мазмұны мен ұсынылған жобалар биыл ерекше кәсіби деңгейде дайындалған.