Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің оқушылармен және ата-аналармен мессенджерлер арқылы байланысын шектеуді ұсынды. Бұл бастамаға сәйкес, педагогтарды чаттарда міндетті түрде хат алмасудан босататын заң жобасы әзірленіп, үкімет қарауына жолданды, деп хабарлайды qandastar.kz
Аймағамбетовтың айтуынша, мұғалімдерге түнгі уақытта да хабарламалар келіп, түрлі тапсырмалар талап етілетіні — олардың жеке өміріне, көңіл-күйі мен еңбекке деген ынтасына кері әсер етеді.
“Чаттарда кейде оқушылар қателесіп суреттер, анекдоттар, құттықтаулар жібереді. Бұл мұғалімнің зейініне, демалысына әсер етеді. Мұғалімнің де жеке өмірі бар, отбасымен уақыт өткізуге құқығы бар”, – деді депутат.
Ол шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, мұғалім мен ата-ананың байланысы ресми жүйелер немесе электрондық пошта арқылы жүргізілетінін атап өтті. Қазақстанда мұндай платформа ретінде Kundelik.kz қызмет етеді.
Бұған дейін елде өзін мұғалім ретінде таныстырып, оқушыларға қоңырау шалған алаяқтар туралы хабарланған болатын. Бұл жағдайлар мұғалімдермен байланыс тәсілдерін реттеу қажеттігін көрсетіп отыр.