
Әлеуметтік желілерде соңғы күндері қызу талқыға түскен “жер жеген ата” оқиғасына байланысты жаңа дерек жария болды. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев (dauletten) өз парақшасында отандастардың назарын аударған тарихи фотосуретті көпшілікпен бөлісті, деп жазды qandastar.kz
Сурет 1993 жылы Түркиядан қандастарды елге жеткізген арнайы ұшақ қонған сәтте түсірілген. Кадрда Сағынтай Қарабазар есімді ақсақалдың Қызылорда әуежайында туған жердің топырағын сүйіп тұрған сәті бейнеленген.
Деректерге сүйенсек, қария тоғыз жасында Ауғанстанға өтіп, тоқсан жасқа келгенде ғана Отанына оралған. Көп жылдар бойғы сағынышын ол туған жердің топырағын иіскеп, маңдайына тигізу арқылы басқан деседі.
Бұл тарихи сәтті камераға түсірген – 2024 жылы өмірден өткен белгілі фотожурналист Болат Омарәлиев.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров сұхбаттарының бірінде дәл осы оқиға туралы әңгімелеп, Түркиядан оралған қарияның қазақ жеріне табаны тиген сәттегі толқысын сипаттаған еді. Оның айтуынша, ақсақал ұшақтан түсе сала «Қызым, мынау қазақтың жері ме?» деп сұрап, растауын алғаннан кейін туған жердің топырағын сүйіп, жүрегі елжірей жылаған.
Осы әңгіме әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, түрлі пікір мен әзілге арқау болған болатын.



