Жаңалықтар

«Мұғалім блогер де, күзетші де емес»: Аймағамбетов ұстаз мәртебесін қорғау күшейетінін айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған заңдағы жаңа өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды qandastar.kz. Оның сөзінше, Президенттің “мұғалім мобилограф, блогер немесе чат модераторы болмауы керек, оның басты міндеті – баланы оқыту” деген пікірі негізге алынған.

Жаңа түзетулерге сәйкес, мұғалім енді бір есепті бірнеше рет толтырмайды – ақпарат бір жүйеге енгізілсе жеткілікті. Бұл бюрократияны азайтып, уақыт үнемдеуге бағытталған. Сондай-ақ ұстаздарға әлеуметтік желіні жүргізу міндеттелмейді, чат модераторы болудан босатылады.

Мұғалім енді мектептен тыс болған оқиғалар үшін жауап бермейді. Заңға алғаш рет «мұғалімге тән емес функциялар» ұғымы енгізіліп, педагогты өз жұмысына қатысы жоқ міндеттерден заң жүзінде қорғайды.

Бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілік мектеп пен ата-ана арасында тең бөлінеді. Мұғалімнің құқығын бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі де артады. Ұстазға психологиялық немесе физикалық қысым көрсетуге мүлдем тыйым салынады.

Аймағамбетовтың айтуынша, бұл нормалар мектеп қана емес, балабақша, колледж және ЖОО ұстаздарына да қатысты болады.

Сонымен қатар 2025–2026 оқу жылында «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндері біріктіріліп, «Жасанды интеллект» сабағы енгізіледі. 200 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні пайдалану бойынша оқудан өткен.

Мектептерде жаңа тамақтану стандарты енгізіліп, қауіпсіздік талаптары күшейеді. Барлық оқу орындары лицензиясы бар күзет ұйымдарымен келісімшартқа отыруы тиіс.

2024 жылдан бастап сабақ кезінде смартфон қолдануға тыйым салынғанымен, оқушылар оны мектепке алып келуге құқылы.

Аймағамбетов атап өткендей, бұл өзгерістер мұғалім беделін арттырып, білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button