Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Сот: Шымкенттік депутат өзін видеоға түсірген желі қолданушысынан 5 млн талап етті

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев өзіне қатысты тараған бейнежазба үшін 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етті, деп жазады qandastar.kz

Бұл туралы журналистер хабарлады.

Оқиға биыл тамыз айында басталған. Әлеуметтік желіде Шымкент қаласында Lexus көлігін тізгіндеген ер адамның жол ережесін өрескел бұзған сәті түсірілген видео тараған болатын. Кадрда жүргізуші қарсы жолаққа шығып, артқа қарай қозғалып, жолаушысын тура жолдың ортасында түсіріп кеткені анық көрінеді. Сондай-ақ ол қауіпсіздік белдігін тақпаған.

Полиция бейнежазбаға жедел әрекет етіп, көлікті анықтаған. Рөлде Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев отырғаны белгілі болған. Құқық қорғаушылар оның үстінен алты бірдей әкімшілік хаттама толтырды.

Атап айтқанда:

  • жалған нөмір тағу,
  • қарсы бағытқа шығу,
  • сақтандыру полисінің болмауы,
  • белдік тақпау,
  • тыйым салынған жерде кері жүру,
  • қозғалыс алдында белгі бермеу.

Сот шешімімен депутат бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 4 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Кейін «Аманат» партиясы да өз мүшесіне шара қолданған, оған «сөгіс» жарияланған.

Бірақ арада бірнеше ай өткен соң Ерғали Аманбаев бейнеролик авторы Жәмилә Джорабаеваны сотқа берді. Депутаттың айтуынша, бейнежазба оның ар-намысына тиіп, беделін түсірген, әрі ол өз келісімінсіз түсіріліп, жарияланған. Осы себепті халық қалаулысы 5 миллион теңге моральдық өтемақы мен 500 мың теңге заңгерлік шығын өндіруді сұраған.

Іс судья Дидар Мұратбекұлының өндірісінде қаралуда.

Қоғамда бұл жағдай қызу талқыланып жатыр. Көпшілік «жол ережесін бұзған депутаттың емес, бейнежазба түсірген адамның жауапқа тартылуы әділ ме?» деп сауал қоюда.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button