Жаңалықтар

Астанада хостел иесі жас қызды жәбірлеген

Елордадағы “Еркежан” тұрғын үй кешенінде орналасқан хостелде түсірілген видео әлеуметтік желіде кең тарады. Кадрларда ер адамның бойжеткенге айқайлап, оны бөлмеден күштеп шығарып, ұялы телефонын тартып алғаны байқалады. Видео кейіпкері — астаналық қыз, ол өзін хостел иесі жәбірлегенін айтып отыр, деп хабарлайды qandastar.kz

Бойжеткеннің айтуынша, кәсіпкер оған бірнеше рет сексуалды сипаттағы қысым көрсеткен. Ал хостел иесі Жеңіс Қыдыров болса, жағдайды басқаша түсіндірді.
“Қызды сегізінші қабаттан бірінші қабатқа түсіруге тура келді. Себебі өз-өзіне қол жұмсай ма деген қауіп болды. Сот шешімімен ғана шығару керек деген талап бар, сол үшін 78 мың теңге айыппұл салынды. Бұл оқиға бірнеше ай бұрын болған”, – деді ол.

Алайда жәбірленуші ер адамның өзін қорлап, тіпті бірнеше мәрте зорламақ болғанын алға тартады.
“Қолымнан тартып, көйлегімді жыртып жіберді. Қарсыласқаныма қарамастан, тоқтамады. Бұрышқа тығылып жылап отырдым. Ол шешініп, істейтінін істеді де, киініп кетіп қалды”, – дейді қыз.

Айтуынша, ол полицияға бірнеше рет шағым түсірген, бірақ бір айдан астам уақыт өтсе де іс қозғала қоймаған. Ал Жеңіс Қыдыров өзіне тағылған айыптарды түгел жоққа шығарып, “бұрынғы қызметкер бизнесіме зиян келтіруге тырысуда” деп мәлімдеді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button