БілімЖаңалықтарСұхбат

Тілді өз қалауыңмен үйрен: Aleem әлемдік рейтингтерде топ жарды

Қазақ жастары әзірлеген Aleem мобильді қосымшасы әлемдік деңгейде танылып, тіл үйрету платформалары рейтингінде Duolingo-ны басып озды. Ағылшын тілін үйретудің жаңа, толық бейімделетін жүйесін ұсынған жоба авторы Асылжан Алтай  қосымшаның ерекшелігі мен даму жоспары туралы  qandastar.kz-ке  айтып берді.

– Aleem платформасын жасау идеясы қалай пайда болды?

– Қосымшаны дайындау жайлы ой шамамен сегіз ай бұрын келді. Бастапқыда біз ағылшын тіліне арналған курс пен оқулық жасадық. Бірақ екі ай өткенде ол материал ескіріп қалды. Сол кезде түсіндік: заманға сай шешім – статикалық оқулық емес, әр адамға бейімделетін динамикалық жүйе. Футбол, музыка немесе кино арқылы болсын, қолданушы өз қызығушылығына сай тілді үйрене алуы керек. Осылайша Aleem пайда болды?

– Aleem-нің Duolingo-дан басты айырмашылығы қандай?

– Duolingo барлық оқушыларға бір стандартты бағдарлама ұсынады. Ал Aleem әр адамның деңгейі мен қызығушылығына қарай жеке оқу жоспарын құра алады.

– Ағылшын тілін үйрену процесін қалай тиімді еттіңіздер?

– Икемді әрі пайдаланушыны шаршатпайтын платформа құруға тырыстық. Алгоритм оқушының деңгейін, жылдамдығын, қызығушылығын ескереді.

– Қосымша қазір қандай нарықтарда танымал?
– Бағдарлама бір күннің ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда App Store тізімінде бірінші орынға шықты. Ресей мен Әзербайжанда екінші орынға тұрақтады. Үш күнде әлемнің 107 елінен 60 мың қолданушы тіркелді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік.

– Қосымшаның қолжетімділігі жайлы ақпарат бере кетсеңіз…

– Қазіргі таңда Aleem тек iOS жүйесінде қолжетімді. Бірақ көпшілік сұрап жатқан Android нұсқасын да әзірлеуді жоспарлап отырмыз.

– Алға жоспар қандай?
– Ең бастысы, Қазақстанның ағылшын тілі білім индексіндегі орнын жақсартуға үлес қосу. Қосымшаға қазақ тіліне және басқа да тілдерге бейімдеу, бейнематериалдар енгізу, кітап оқу функцияларын қосу жоспарымызда бар.

Back to top button