Әнші әрі рэпер YENLIK (Еңлік) «Zamandas» подкастында берген сұхбатымен желіде қызу талқыланып жатыр, деп жазады qandastar.kz.
Подкаст барысында ол қазақ тілінің көркемдігіне, әуезділігі мен икемділігіне ерекше тоқталып өтті.
«Қазақ тілін бүкіл әлем естуі керек. Тіліміз өте әдемі, құлаққа жағымды әрі өте икемді», – деген Еңліктің сөзі желі қолданушылары арасында кеңінен тарап, көпшіліктің қолдауына ие болды.
Көп ұзамай YENLIK тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Ол халықаралық деңгейдегі беделді «COLOURS» музыкалық жобасына қатысып, осы жобада өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық орындаушы атанды. Бұған дейін бұл алаңда Голливуд пен әлемдік музыка индустриясының танымал жұлдыздары өнер көрсеткен.
Сонымен қатар YENLIK “COLOURS” сахнасында қазақ тілінде ән орындаған тұңғыш қазақстандық ретінде тарихқа енді. Бұл оқиға қазақ тілінің халықаралық аренада танылуына жасалған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Желі қолданушылары мен музыка жанкүйерлері бұл жаңалықты үлкен мақтанышпен қабылдап, Еңліктің шығармашылығына қолдау білдіруде.



