Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта айыпталушыдан жауап алынды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Шымкентте өтіп жатқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде айыпталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынды. Сот отырысында судья Самиддин Темірәлиев оның тергеу кезінде берген жауабы мен соттағы мәлімдемелерінің арасында елеулі айырмашылық бар екенін айтты.
Тергеу барысында берген жауабында айыпталушы 2026 жылғы 11 қаңтарда Нұраймен Telegram арқылы байланысып, кейін оның үйіне барғанын баяндаған. Сондай-ақ көлігінен пышақ алып, қыздың соңынан ергенін және оқиға кезінде оған бірнеше рет пышақ жарақатын салғанын көрсеткен.
Хаттамаға сәйкес, оқиғадан кейін ол көлігімен Түркістан облысындағы ауылына қарай кетіп, кейін өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенімен, райынан қайтқан. Бұдан соң телефон мен кейбір заттарын тастап, бір күн бойы жасырынғанын, кейін полиция қызметкерлері ұстағанын айтқан.
Алайда соттағы жауабында Шерхан Аймахан оқиғаның көп бөлігін есіне түсіре алмайтынын, сол сәтте аффект жағдайында болғанын мәлімдеді. Судья оның қазіргі сөзі тергеу кезінде егжей-тегжейлі баяндалған жауаптарына қайшы келетінін атап өтті.
Өз кезегінде айыпталушы тергеу хаттамасындағы жауапты «тергеуші жазғанын» айтты. Алайда судья жауап алу кезінде адвокаттың қатысқанын және хаттамада қорғаушының қолы бар екенін еске салып, бұл уәжге күмән келтірді.
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр.

