Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Әзербайжан басшыларының бейресми кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысты.
Мемлекет басшысы жиын барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, қазақ пен қырғыз халықтарының тарихи достығы мен бауырластығына тоқталды. Сондай-ақ Қырғызстанның дамуы бүкіл Орталық Азияның тұрақтылығы мен өркендеуіне оң ықпал ететінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, бейресми кездесу өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Ол XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың қабылдануын өңірлік серіктестіктегі маңызды қадам деп бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжатты іс жүзінде жүзеге асыру үшін ұзақмерзімді іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл бастама сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, мемлекеттер арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Әзербайжанның Консультативтік кездесулердің толыққанды мүшесіне айналуын өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңі ретінде бағалады. Сонымен қатар инвестиция, энергетика, өнеркәсіп және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобалардың маңызын атап өтті.
Президент соңғы жылдары өңірішілік сауда көлемі артып, ортақ инвестициялық жобалар мен мәдени-гуманитарлық байланыстардың белсенді дамып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл үдерістер Орталық Азияның халықаралық аренадағы беделін күшейте түседі.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайтынын айтып, алдағы кездесулерді өткізетін Түрікменстанға табыс тіледі.



