Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері мектеп бағдарламасын жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған арнайы пәнмен толықтыруды ұсынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы елімізде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2,3 мыңнан аса адам көз жұмып, 49 мыңнан астамы түрлі деңгейде жарақат алған. Көптеген азаматтар өмір бойына мүгедек болып қалған.
Депутаттардың айтуынша, бұл көрсеткіштердің ішінде балалар мен жастардың болуы ерекше алаңдаушылық тудырады.
Мәжіліс отырысында сөз сөйлеген депутат Наурыз Сайлаубайдың айтуынша, балаларға жол ережелерін тек теория жүзінде емес, күнделікті өмірде саналы әрі қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыратындай деңгейде үйрету қажет. Оның пікірінше, басты мақсат — қауіптен қашу емес, жауапкершілікке негізделген мәдениетті тәрбиелеу.
Осыған байланысты партия мектептерде «Авто ісі және жол қозғалысы қауіпсіздігі» атты факультативтік курсты барлық оқу орындарында енгізуді ұсынып отыр.
Сонымен қатар, депутат жүргізуші куәлігін беруге бағытталған оқу орталықтарының қызметін қатаң бақылауға алып, онда жол қозғалысы ережелерін оқытумен қатар, қоғамдық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аудару керектігін атап өтті.
Бұдан бөлек, цифрлық платформалар арқылы қалааралық такси қызметін көрсететін азаматтар міндетті түрде тасымалдаушы лицензиясын алуы тиіс екені де айтылды.