
Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жүлдемен оралған қазақстандық командаларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды арнайы қабылдап, олардың ерлігі мен кәсіби шеберлігі ел абыройын асқақтатқан тарихи жетістік екенін атап өтті.
Дубайда өткен дүбірлі додаға әлемнің 48 елінен 100-ден астам команда қатысып, бес күн бойы аса күрделі тапсырмалар бойынша бақ сынады.
Соның ішінде қазақстандық сарбаздар ерекше дайындық пен темірдей тәртіптің арқасында үздік нәтиже көрсетті.
«Қазақстан С» командасы абсолютті чемпион атанса, «Қазақстан А» командасы күміс жүлдеге ие болды.
Президент өз сөзінде жауынгерлердің жеңісі кездейсоқ емес екенін ерекше атап өтті:
«Бұл – кездейсоқ жетістік емес. Әр жеңіс – зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар офицер мен әскери қызметкер Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды.



