Отардағы әскери бөлімде жарақат алған сарбаздың жағдайы жақсарып келе жатқаны белгілі болды.
Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталінің бет-жақ хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Владислав Мусатов сарбаздың оңалып жатқанын айтты.
«Қазір ол оңалту курсынан өтуде. Сарбаз физиотерапия, дәрумен терапиясы, ағзаны нығайту және жаттығу терапиясын қабылдауда. Тексеру барысында оның ауызын 3 см-ге дейін аша алатындығы анықталды, бұл – жақсы нәтиже», – деді дәрігер.
Сонымен қатар, жоспар бойынша оған гипербариялық оксигенация сеанстары тағайындалған. Одан кейін әскери-медициналық комиссия физиотерапия курсымен оңалту кезеңін аяқтайды.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери қызметшінің жағы сынғаны және ол Алматыдағы әскери госпитальге жеткізілгені хабарланған. Бұл оқиғадан кейін әскери бөлімде бірнеше лауазымды тұлға қызметінен шеттетіліп, қылмыстық іс қозғалған еді.



