
Алматыда сирек диагнозбен түскен 12 жастағы қызға жасалған күрделі операция сәтті аяқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының хирургтары жоғары тәуекел мен кәсіби дәлдікті талап еткен «зергерлік» деңгейдегі отаны орындап шықты.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқас шұғыл түрде жоғарғы іш өтпеушілігі белгілерімен жеткізілген.
Кешенді тексерулер, оның ішінде эндоскопиялық зерттеу нәтижесінде асқазанда шаштан құралған ірі түзіліс — трихобезоар анықталған.

Бұл сирек әрі аса күрделі патология баланың өміріне тікелей қауіп төндірген.
Аурудың күрделілігін науқастың медициналық тарихы одан әрі арттырды.
Бұған дейін қыз бала осы диагнозбен екі рет — 2021 жылы Шымкентте және 2024 жылы Семейде ота жасатқан.
Қайталанған хирургиялық араласулар салдарынан іш қуысында жабысқақ процестер қалыптасып, асқазан қабырғасында өзгерістер пайда болған.
«Бұл жағдайлар, болатын операцияны айтарлықтай күрделендіріп, операция кезінде елеулі техникалық қиындықтар туғызды», — деді хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Қаптағаев.
Соған қарамастан, операция сәтті өтіп, асқынулар тіркелмеген.
Дәрігерлер мұны мамандардың жоғары біліктілігі мен командалық жұмыстың нәтижесі деп бағалап отыр.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауында қажетті ем қабылдап жатыр.
Сонымен қатар, пациентте трихофагия — өз шашын жеу әдеті анықталған. Осыған байланысты онымен психолог жұмыс жүргізіп, алдағы уақытта психиатр бақылауында болу ұсынылған.
Мамандар бұл жағдайды күрделі клиникалық мысал ретінде атап өтіп, заманауи медицина мүмкіндіктері арқылы тіпті сирек әрі ауыр диагноздардың да сәтті емделетінін жеткізді.



