Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Отбасылық схема»: ІІМ есірткі қылмысындағы жаңа үрдісті атады

Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп, соңғы деректер бойынша алаңдатарлық жаңа үрдісті анықтады — қылмысқа жақын туыстардың тартылуы жиілеген, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда екі ағайынды синтетикалық альфа-PVP есірткісінің шамамен бір килограммын тасымалдау кезінде ұсталды.

Белгілі болғандай, бұрын сотталған ағасы інісін заңсыз әрекетке өзі тартқан. Тінту барысында олардан қару мен оқ-дәрілер де тәркіленді.

Тағы бір ұқсас жағдай Алматы облысында тіркелді.

Мұнда екі ағайынды жалға алынған үйде арнайы фитозертхана ұйымдастырып, марихуана өсірген. Полицейлер 102 түп өсімдікті, жалпы салмағы 61 келі болатын өнімді, сондай-ақ жарықдиодты шамдар мен желдету жүйесін тәркіледі.

Сонымен қатар, Алматы тұрғыны өз әпкесінің сенімін пайдаланып, оның пәтерінде есірткі қаптаумен айналысқан. Ұстау кезінде 100-ден астам zip-lock пакет және шамамен 500 грамм мефедрон табылды.

Жалпы, сәуір айының алғашқы онкүндігінде еліміз бойынша заңсыз айналымнан бір тоннаға жуық есірткі тәркіленген. Оның ішінде 800 келіден астамы синтетикалық заттар.

Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұл бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтың айтуынша, есірткі өндіру мен таратудың кез келген әрекеті қатаң түрде тоқтатылып, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button