Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қазақстанда үш айда 34 есірткі зертханасы жойылды

Қазақстан Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері 34 жасырын есірткі зертханасын анықтап, жойды. Заңсыз айналымнан 3 тоннаға жуық есірткі тәркіленіп, мыңдаған банк шоттары бұғатталды.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы күресті жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 34 жасырын есірткі зертханасы анықталып, жойылған. Оның 10-ы синтетикалық есірткі өндіруге арналса, 24-і фитозертхана болған. Мәселен, Талдықорған қаласында шетел азаматтары екі бірдей зертхана ұйымдастырған. Оқиға орнынан арнайы жабдықтар, химиялық реагенттер және дайын өнімдер тәркіленді. Күдіктілер өз әрекеттерін DarkNet арқылы жүргізген.

Жалпы, заңсыз айналымнан шамамен 3 тонна есірткі, соның ішінде 840 келі синтетикалық заттар алынған. Бұл 3 миллионнан астам бір реттік дозаға тең. Келтірілген экономикалық шығын 29 миллиард теңгеден асқан.

Сонымен қатар, 11 тонна прекурсордың таралуына жол берілмеді. Құқық қорғау органдары шамамен 6 мың қазақстандық және 108 мың шетелдік банк шоттарын бұғаттап, барлық қаржылық операцияларға шектеу қойды. Нәтижесінде 93 миллион теңге көлеміндегі қаражат тоқтатылған.

Қуандық Әлжанов мәлімдеуінше, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button