Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Сізде айыппұл бар»: алаяқтардың жаңа айласы әшкереленді

Қазақстанда интернет-алаяқтықтың жаңа түрі таралып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бұл туралы құқық қорғау органдары ескерту жасады.

Жаңа схема бойынша азаматтардың ұялы телефондарына мемлекеттік байланыс орталығының нөміріне ұқсас хабарламалар жіберіледі.

Онда сізге әкімшілік айыппұл салынғаны туралы айтылып, оны тексеру немесе төлеу үшін арнайы сілтеме ұсынылады.

Алғаш қарағанда бұл сілтеме ресми порталға ұқсайды. Алайда іс жүзінде бұл — алаяқтар жасаған жалған сайт.

Полицияның мәліметінше, алаяқтар eGov порталына ұқсас интерфейс әзірлеп, пайдаланушылардың сеніміне кіруге тырысады. Ең қауіпті тұсы — жүйе кез келген енгізілген дерекке қарамастан “айыппұл бар” деген жалған ақпарат көрсетеді.

«Бұл — қолданушыны алдап, сенімін арттыру үшін жасалған айла. Ал “төлеу” батырмасын басқан кезде сайт банк картасының толық деректерін сұрайды. Осы мәліметтер алаяқтардың қолына түскен жағдайда, азаматтардың қаражаты заңсыз шешіліп алынуы мүмкін», — деп ескертті полиция.

Мамандардың айтуынша, мұндай схеманың басты белгісі — қате мәлімет енгізілгеннің өзінде “айыппұл бар” деген нәтиженің шығуы. Бұл азаматтарды асығыс әрекет жасауға итермелейтін психологиялық тәсіл.

Құқық қорғау органдары келесі жайттарды есте сақтауға кеңес береді:

• мемлекеттік органдар SMS арқылы жеке немесе банк деректерін сұрамайды;

• айыппұлдарды тек ресми платформалар арқылы тексеру қажет;

• күмәнді сілтемелерге өтпеу — қауіпсіздіктің негізгі шарты.

Сондай-ақ азаматтарға:

• белгісіз сілтемелерді ашпау;

• жеке мәліметтерді күмәнді сайттарға енгізбеу;

• шұғыл әрекетке итермелейтін хабарламаларға сенбеу ұсынылады.

Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button