Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Бас мүфти кәсіпкерлерге Рамазанда азық-түлік бағасын арзандатуды ұсынды

Қасиетті Рамазан айының басталуына орай Қазақстанда әлеуметтік жауапкершілікке үндеген үндеу жасалды.

Елдің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қоғамды тек рухани емес, әлеуметтік тұрғыда да бірлікке шақырып, кәсіпкерлерге халыққа қолдау көрсетуге бағытталған нақты ұсыныстар айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Діни көшбасшы Рамазанның тек ораза ұстаумен шектелмейтінін атап өтіп, бұл ай адамның ішкі дүниесін тазартуға, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жүрек пен ойды рухани жаңартуға арналған кезең екенін жеткізді. Оның айтуынша, шынайы ораза – тек ас пен судан тыйылу емес, адам бойындағы сабыр, мейірім мен жанашырлықты ояту.

Осыған байланысты Бас мүфти кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне арнайы жеңілдіктер енгізуді, ал қоғамдық тамақтану орындарына қолжетімді ауызашар мәзірлерін ұсынуды ұсынды. Бұл бастамалар қоғамдағы әлеуметтік теңдікті сақтауға және халықтың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған қадам ретінде бағаланды.

Сонымен қатар, ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастыратын қайырымдылық шараларына белсенді қатысуға шақырып, игі істердің сауабы Рамазан айында еселенетінін атап өтті.

Бас мүфтидің тағы бір ұсынысы – қасиетті айда дүкен сөрелерінде алкоголь өнімдерінің болмауы. Оның пікірінше, бұл қоғамның рухани тазалығына оң әсер етеді және жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық мұсылмандарды Рамазан айымен Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, бұл кезеңді рухани тазару, адамгершілік пен мейірімділікті арттыратын уақыт ретінде сипаттаған болатын.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button