Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жаңа Конституция күні ретінде 15 наурыз белгіленуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Парламент Сенаты кулуарында журналистерге айтты. деп хабарлайды qandastar.kz сайты tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, өтпелі ережелерге сәйкес, жаңа мереке Конституция қабылданған күнге сәйкес белгіленеді. Алайда

түпкілікті шешім референдум нәтижесіне байланысты болмақ.
«Білуімше, «қабылданған күн» деп көрсетілген. Қабылданған күн мен күшіне енген күн — екі бөлек нәрсе. Сондықтан, өтпелі ережелер жобасына қарасақ, әңгіме Конституцияның қабылданған күні туралы болып отыр. Қабылданған күн — 15 наурыз», — деді ол журналистер сұрағына жауап беріп.
Бұған дейін Конституция күні 1 шілде болуы ықтимал екені айтылған. Жаңа Негізгі заң жобасына сәйкес, егер құжат референдумда қолдау тапса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
«Адамдар дұрыс деп санайтын таңдауын жасауға құқылы, ешкім шектемейді. Сондықтан да азаматтарымыздың пікірін білу үшін референдум жарияланады. Азаматтар қалай шешсе, соған сәйкес тиісті шешім қабылданады. Егер қолдаса, бізде жаңа Конституция болады және Конституция күні 15 наурыз болады», — деді Мәулен Әшімбаев.
11 ақпанда Конституциялық комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасы бойынша атқарылған жұмыстың қорытындысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырған. Кейін мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөнінде референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, жалпыхалықтық дауыс беру 15 наурыз, жексенбі күні өтеді.
«Референдумда мақұлданған жағдайда жаңа Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке болады», — делінген жоба мәтінінде.
Анықтама: Референдум – азаматтардың маңызды мемлекеттік немесе саяси мәселелер бойынша тікелей дауыс беру арқылы өз еркін білдіруі. Ол арқылы заңдар қабылданып, Конституцияға өзгерістер енгізіледі және шешуші саяси шешімдер қабылданады.



