Түркістан облыстық соты мәліметінше, Түркістан қаласының ауданаралық сотында өз ағзасын сатпақ болған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты nur.kz порталына сілтеп.
Ер адамға Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 116-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни трансплантация мақсатында тірі адамның ағзасына қатысты заңсыз мәміле жасауға оқталу дерегімен айып тағылған.
Сот барысында анықталғандай, айыпталушы 2025 жылдың ақпан айында Telegram желісінде бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Кейін жедел іс-шара шеңберінде әрекет еткен тұлғамен кездесіп, ағзасын 13 млн теңгеге сатуға келісім берген. Ол 5 млн теңгені қолма-қол алып жатқан сәтінде ұсталған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, мұндай қадамға қаржылық қиындықтарға байланысты барғанын айтып, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді.
Сот бұл қылмысты ауырлығы орташа санатқа жатқызды әрі нақты зиян келтірілмегенін ескерді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң негізінде 2026 жылғы 5 ақпанда айыпталушы қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс өндірісі тоқтатылды.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.



