
Қорғаныс министрлігі Қазақстан мен Ресейдің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері бірлескен жоспарлы жаттығу өткізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, екі елдің Әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйесі аясындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2026 жылғы 20 ақпан мен 10 наурыз аралығында оқу-жаттығу ұйымдастырылған.
Жаттығу барысында әуе нысандарын анықтау және сүйемелдеу, әуе кеңістігін бұзған әуе кемелерін ұстап қалу және оларды белгіленген әуеайлақтарға қонуға мәжбүрлеу міндеттері пысықталуда.
Ведомствоның хабарлауынша, шара жоспарлы түрде өтуде және кезекші күштердің өзара іс-қимылын жетілдіруге, жауынгерлік дайындық деңгейін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар министрлік азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сүйеніп, расталмаған ақпарат таратпауға шақырды.



