Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының королі мен тақ мұрагеріне құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлайды.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Қос киенің сақшысы саналатын Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд пен премьер-министр, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудты елдің ұлттық мерекесі — Корольдіктің негізі қаланған күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы Сауд Арабиясын Қазақстанның ислам әлемі мен Таяу Шығыс аймағындағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдауға негізделген көпжақты ынтымақтастық халықтардың игілігі үшін одан әрі дамитынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев король мен тақ мұрагерінің қызметіне табыс, ал сауд халқына тұрақты даму, береке мен өркендеу тіледі.



