
Батыс Қазақстан облысында қоғамды алаңдатқан ауыр қылмыстық іс тіркелді.
Жоғары лауазымды шенеунік кәмелетке толмаған қызға зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы «Орал апталығына» сілтеме жасап.
Оқиға 3 қаңтарда болғанымен, күдікті осы күнге дейін қамауға алынбаған.
Іс Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінде тіркеліп, Қылмыстық кодекстің ауыр бабымен тергеліп жатыр.
Алайда құқық қорғау органдары «қамауға алу мәселесі тергеу әрекеттері толық аяқталғаннан кейін ғана шешіледі» деген түсініктемемен шектелген.
Жәбірленуші қыздың әкесі жағдайдың барысына ашық наразылығын білдірді.
Оның айтуынша, 68 жастағы ер адам қызын алдап алып кетіп, күш қолданған. Күдікті бастапқыда ұсталғанымен, көп ұзамай босатылған.
Әке сөзінше, күдікті кінәсін мойындаған, ал қызы оны таныған. Соған қарамастан, ол еркіндікте жүр. Бұл жағдай отбасының қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр.
«Қарапайым отбасымыз, өз күшімізбен адвокат жалдауға мәжбүр болдық. Ал ықпалды адаммен заң аясында қалай күресеміз?» — дейді ол.
Отбасы істің әділ тергелмей, жабылып қалуынан қауіптенеді. Ал қоғамда күдіктінің қамауға алынбауы үлкен сұрақ туғызып отыр.



