Әлеумет және қоғам

Польшада жоғалып кеткен қазақстандық Екатерина Шилованың мәйіті табылды

Польшада жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қазақстандық Екатерина Шилованың мәйіті табылды. Әйелді өлтірді деген күдікпен бір адам ұсталған. Қазір оның отбасы марқұмды Қазақстанға әкеліп жерлеу үшін қаражат жинап жатыр.

Польшада жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қазақстандық Екатерина Шилованың мәйіті табылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Қайғылы хабарды марқұмның әпкесі жеткізген. Оның айтуынша, әйелді өлтірді деген күдікпен бір адам ұсталған. Алайда тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жарияланбай отыр.

Қазіргі уақытта марқұмның отбасы Екатерина Шилованы Қазақстанға әкеліп жерлеу үшін қаражат жинап жатыр. Туыстарының айтуынша, жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін едәуір қаржы қажет.

Бұған дейін Екатеринаның Польшада күмәнді хабарлама жазып, кейін байланысқа шықпай кеткені хабарланған болатын. Белгілі болғандай, ол екі жыл бұрын Талдықорғандағы агенттік арқылы Польшаға жұмыс істеуге кеткен. Варшавада кір жуушы болып еңбек еткен.

Соңғы жарты жылда ол Украинадан келген ерлі-зайыптының үйінде тұрып, солардан бөлме жалдап тұрған. Екатерина Қазақстанға қайтуды жоспарлап, 18 ақпанда әпкесіне үй иесінің күйеуі оны әуежайға апаратынын айтқан.

Сол күні кешке ол соңғы хабарламасын жіберіп, ұшар алдында жүгінің салмағын тексеріп, артық салмақ болмас үшін дүкенге бара жатқанын жазған. Осыдан кейін ол байланысқа шықпаған.

Сонымен қатар, жоғалған күні Екатерина тапқан қаражатын Қазақстанға алып қайтпақ болғаны да айтылған.

Қазір оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Back to top button