Норвегияның танымал шаңғышысы, Олимпиада ойындарының 10 дүркін чемпионы Йоханнес Клебо өз елінде өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде жарыс кезінде жарақат алып, бәсекені аяқтай алмады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлады.
Жарыс басталар алдында сарапшылар норвегиялық спортшыны басты фавориттердің бірі ретінде бағалаған болатын. Алайда жарыс барысында күтпеген жағдай орын алды.
Клебо америкалық шаңғышы Бен Огденнің артынан құлап, мұзды трассаға желке тұсымен қатты соғылған. Оқиға кезінде тағы төрт спортшы құлаған.
Жарақат алған спортшылардың екеуі жарысты аяқтағанымен, Клебо ұзақ уақыт бойы орнынан тұра алмай қалған. Кейін ол ауруханаға жеткізіліп, басынан қатты соққы алғаны анықталды.
Айта кетейік, 29 жастағы Йоханнес Клебо қысқы спорттағы ең табысты шаңғышылардың бірі саналады. Ол – 15 дүркін әлем чемпионы.
Қысқы Олимпиада тарихында ең көп алтын медаль жеңіп алған норвегиялық спортшы – Марит Бьорген. Оның қоржынында 8 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль бар. Сондай-ақ норвегиялық шаңғышы Бьорн Дэли 8 алтын және 4 күміс медаль иеленген. Ал атақты биатлоншы Оле Эйнар Бьорндален 8 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған.