Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумға қатысып, жаңа Конституция жобасына дауыс берді. Ол бұл үшін Оқушылар сарайындағы №51 учаскеге барды, деп хабарлайды Qandastar.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Дауыс бергеннен кейін президент БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді еліміздің дамуы мен келешегі үшін маңызды күн ретінде атап өтті:
«Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Бұл тарихи құжат азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Жаңа Конституция еліміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылғы Конституция үлкен рөл атқарды, бірақ заман өзгеруде. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау уақыты келді. Мен де осы жұмысқа белсене атсалыстым, оның преамбуласын және кейбір нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне қызмет етеді деп сенемін,» – деді президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.



