Референдум өтетін күні ақпараттық кеңістікте түрлі фейк хабарламалар, манипуляциялар және арандатушылық материалдар таралуы мүмкін. Осыған байланысты Орталық Коммуникация қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы маңызды ескертпе жасады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz поралына сілтеме жасап хабарлады.
Мақсат – дауыс беру процесіне сенімсіздік туғызу және оқиғалар туралы теріс түсінік қалыптастыру. Ең жиі кездесетін жалған ақпаратқа қатысты мысалдар:
- Кейбір учаскелердің жабылуы немесе ашылмауы туралы хабарлар;
- Сиясы өшетін қаламдардың қолданылғаны туралы мәліметтер;
- Бақылаушылар мен журналистерді жібермеу туралы жалған ақпарат;
- Бюллетеньдердің жаппай тасталғаны немесе алдын ала толтырылғаны жөніндегі хабарламалар;
- Азаматтарды дауыс беруге мәжбүрлеу немесе сайлаушыларды ұйымдасқан түрде тасымалдау туралы мәліметтер;
- Интернеттің немесе электр қуатының өшірілгені туралы фейктер.
Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеде келесі арандатушылықтар кездеседі:
- Мемлекеттік органдар атынан жасалған жалған скриншоттар, құжаттар мен кестелерді тарату;
- Жалған экзит-полдар, арандатушылық сауалнамалар, учаскелердегі «төтенше жағдайлар» туралы хабарламалар;
- Учаске қызметкерлерімен ұйымдастырылған қақтығыстарды «заң бұзушылық дәлелі» ретінде көрсету;
- Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде боттар арқылы жалған хабарламалар мен пікірлердің жаппай таралуы.
«Көбінесе мұндай материалдарда ескі бейне және фотоматериалдар, басқа елдердегі оқиғалар, уақыты мен орны белгісіз кадрлар және анонимді аккаунттар пайдаланылады. Қазіргі технологиялар монтаждалған немесе шынайы көрінетін жасанды суреттер, аудио және видео контент жасауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Ұсыныс:
- Расталмаған ақпаратты таратпаңыз.
- Тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіз.
- Күмәнді материалдарды байқасаңыз, @AntiFakeCenterBot чат-ботына хабарласыңыз.
Сіздің қырағылығыңыз дауыс беру күні тыныш әрі сенімді жағдайдың сақталуына көмектеседі.



