Қырғызстанда адам саудасына қатысы бар қазақстандық әйел сотталып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеп хабарлады.
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің мәліметінше, аталған іс 2024 жылы қозғалған. Тергеу барысында қазақстандық әйел мен Қырғызстан азаматы кәмелетке толмаған балаларды ел аумағынан заңсыз шығару арнасын ұйымдастырғаны анықталған.
Сонымен қатар, қазақстандық әйел Израиль азаматының қатысуымен алдын ала келісіп, материалдық сыйақы үшін Қырғызстан азаматының үш баласын сатып алған. Тергеу деректеріне сәйкес, балаларға қатысты азғындық сипаттағы әрекеттер жасалып, олардың жалаңаш суреттері түсірілген. Кейін бұл материалдар шетелдегі үшінші тұлғаларға мессенджерлер арқылы жіберілген.
Бұдан бөлек, қылмыстық топ тағы бір қырғызстандық азаматтың екі баласына қамқоршылық алып, оларға да дәл осындай әрекеттер жасаған.
Іс Бішкектегі Бірінші май аудандық сотында қаралып, 2026 жылғы 12 наурызда айыпталушылар кінәлі деп танылды. Сот үкімімен қазақстандық әйел 12 жылға, ал оның сыбайласы 11 жылға бас бостандығынан айырылып, мүліктері тәркіленді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында 23 жастағы әйел жаңа туған сәбиін 800 мың теңгеге сатпақ болған. Полицияның хабарлауынша, ол жүкті кезінде-ақ сатып алушыларды іздеген. Күдікті баланы беріп, ақша алып жатқан сәтінде қолға түскен.

