Қазақстанда өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар мемлекеттік қаржыландыру алған жағдайда мемлекет алдындағы нақты қарсы міндеттемелерді орындауға тиіс болады. Бұл талап ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы негізінде енгізілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Kazinform.kz порталына сілтеп жария етті.
Палатаның мәліметінше, 2025 жылдың соңында бизнесті мемлекеттік қолдау шараларына кешенді аудит жүргізіліп, нәтижесінде маңызды реттеуші олқылық анықталған. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ынталандыру шаралары кезінде қарсы міндеттемелерді реттейтін қағидаларды жаңарту тапсырылды. Бұған дейін үлестік және мезониндік қаржыландыру түрлеріне мұндай талаптар қойылмаған.
Үлестік қаржыландыру — мемлекет компанияға үлес алу арқылы инвестиция салатын тетік болса, мезониндік қаржыландыру — несие мен үлестік қатысудың аралас формасы.
Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасын орындау мақсатында биыл ақпан айында тиісті өзгерістер енгізілді. Енді кәсіпорындар мемлекеттік қолдау ала отырып, жұмыс орындарын көбейту, өндірісті дамыту және экспортты арттыру секілді нақты міндеттемелерді өз мойнына алады.
Бұл өзгерістер бизнес жауапкершілігін күшейтіп, экономиканың нақты секторын дамытуға ықпал етпек.



