
Энергетика вице-министрі Санжар Жәркешов Қазақстанда мораторий аяқталғаннан кейін жанармай бағасы қалай өзгеретін айтты.
Сенат кулуарында энергетика вице-министрі Санжар Жәркешов журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оның айтуынша, қазір жанар-жағармай бағасы толықтай нарық заңына бағынады.
Яғни, бағаны мемлекет емес, сұраныс пен ұсыныс анықтайды.
Вице-министр елде жанармай қоры жеткілікті екенін де атап өтті: шамамен 600 мың тонна бензин мен сонша көлемде дизель отыны бар. Сондықтан әзірге тапшылық қаупі жоқ.
«Бағалар өзгеріп жатқан жоқ. Бірінші кезекте, баға сұраныс пен ұсыныс жағдайына қарай құрылады. Елде 600 мың тоннаға жуық бензин мен 600 мың тонна дизель отыны бар. Қазір елде жанармай тапшылығы жоқ. Ал тапшылық болмаса, жанар-жағармайдың бағасы да көтерілмейді», – деді Санжар Жаркешов.
Сонымен қатар, ол уәкілетті органдар жағдайды бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
«Осы орайда бензин мен дизель отынына бағаның негізсіз әрі күрт өсуіне жол берілмейді», – деді вице-министр.
Айта кетейік, былтыр 16 қазаннан бастап АИ-92 бензині мен дизель бағасына мораторий енгізілген еді. Ол инфляция тұрақталғанша күшінде болып, биыл 1 сәуірде өз күшін жойды.



