Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Мұғалімдерге авторлық оқу бағдарламасын жазу міндеті алынып тасталды

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова авторлық оқу бағдарламаларын әзірлеу міндетін тоқтатқанын хабарлады. Бұл шешім мұғалімдердің жүктемесін азайтып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Бұдан бөлек, пәндік білімін бағалау тесті де тоқтатылды.

Қазақстанда мұғалімдерге авторлық оқу бағдарламаларын әзірлеу міндеттелмейтін болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Шешім мұғалімдермен ұзақ талқылаулардан кейін қабылданған, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Egemen.kz порталына сілтеме жасап. Министрдің айтуынша, бұл бастама күтілген нәтиже бермегендіктен, жүйені өзгерту қажеттілігі туындаған.

«Біз мұғалімдермен ұзақ уақыт талқыладық. Авторлық оқу бағдарламаларын әзірлеу мен ұсыну енді міндетті емес», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Авторлық оқу бағдарламасы — жалпы білім беру стандарты негізінде пән мазмұнын анықтайтын мұғалімнің шығармашылық жұмысы болып саналады. Дегенмен, министрлік бұл тетік күтілген тиімділікті көрсетпегенін атап өтті.

Бұған дейін министр бұл бастаманың білім сапасына нақты әсерін бағалау қиын екенін айтқан еді: «Бұл талап оқу үдерісінің сапасына нақты қаншалықты ықпал ететінін және дайындалған бағдарламалардың тәжірибеде қаншасы қолданылып жатқанын анық көре алмай отырмыз», — деген еді министр.

Сонымен қатар, мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылды. Жаңа шешім жұмыс істеп жүрген ұстаздардың жүктемесін азайтуға және оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған.

Back to top button