Ішкі істер министрлігінде дене дайындығы мен спортты дамытудың жаңа бағыты іске қосылды. Осы бастама аясында министрдің арнайы бұйрығымен «ARLAN» спорт клубы құрылды. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеп хабарлады.
Жаңа клубтың негізгі мақсаты – қызметкерлердің физикалық даярлығын жүйелеу, қызметтік-қолданбалы спорт түрлерін дамыту және ведомство ішіндегі спорттық жұмысты бір арнаға келтіру. Сонымен қатар ол ІІМ қызметкерлерінің кәсіби дайындығын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Клуб жұмысы тәртіпті күшейтуге, төзімділікті арттыруға және моральдық-психологиялық тұрақтылықты қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ қызмет барысында қажет болатын практикалық дағдыларды жетілдіруге ерекше мән беріледі.
Бұдан бөлек, «ARLAN» клубы жастар бағытын да қамтиды. Атап айтқанда, «Жас сақшы» сыныптарымен бірлесіп, оқушыларға құқықтық тәрбие беру, патриоттық рух қалыптастыру және кәсіби бағдар жүргізу жоспарланған.
Клуб аясында түрлі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, қызметкерлердің республикалық және халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысуына мүмкіндік беріледі. Алғашқы ірі іс-шаралардың қатарында Өскеменде өтетін ІІМ кубогына арналған хоккей турнирі мен Алматыдағы дзюдо жарыстары бар.
Алдағы уақытта ІІМ өзге де ұйымдармен, соның ішінде Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубымен, ТЖМ-нің «Batyr team» клубымен және «Динамо» спорт қоғамымен ынтымақтастықты жалғастырады.
