Миллиардтарды жымқырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы шетелде ұсталып, елге қайтарылды. Бас прокуратураның мәліметінше, ол “Транстелеком” компаниясы арқылы 4 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты мәлімдеді.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті компания басшысы бола отырып, алдын ала келісілген топпен бірге мемлекеттік сатып алу талаптарын айналып өтіп, спутниктік және телекоммуникациялық жабдықтарды жалға алу бойынша заңсыз келісімшарт жасаған. Соның салдарынан мемлекетке ірі көлемде шығын келген.
Қылмыстан кейін ол жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурыз айында күдікті Грузия аумағында қолға түсіп, Қазақстанның сұрауы негізінде елге экстрадицияланды.
Қазір ол тергеу изоляторында отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


