Жетісу облысында ер адам көршісін күрекпен соққыға жықты деген күдікке ілінді. Оқиға бір ай бұрын Ақсу ауданына қарасты Суықсай ауылында болған, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Жәбірленуші Гүлмира Қыстаубаеваның айтуынша, күдікті оны ешқандай себепсіз қар күрейтін күрекпен аяусыз ұрып-соққан. Оқиға кезінде оның кәмелетке толмаған екі қызы да болған. Олар анасын қансырап жатқан күйінде көріп, көмекке адамдарды шақырған. Көршілердің көмегімен әйел Ақсу аудандық орталық ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлер тарапынан қажетті ем алған.
Тараған фото және видеолардан жәбірленушінің денесі қатты жарақат алғаны байқалады. Оның қолы сынған, саусақтарына тігіс салынған, басынан да жарақат алған. Қазіргі таңда ол ауруханада емделіп шыққан.
Жәбірленушінің сөзінше, жанжал ер адамның оның кәмелетке толмаған балаларына тіл тигізіп, дөрекі сөйлеуінен басталған.
Жетісу облысы полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Қалықованың мәліметінше, аталған факті бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Дереккөз: КТК телеарнасы.