Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алматы облысында ауқымды сенбілік өтіп, мыңдаған ағаш отырғызылды

Алматы облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 30 мыңға жуық адам қатысқан сенбілік өтті. Нәтижесінде мыңдаған ағаш отырғызылып, жүздеген тонна қоқыс шығарылды. Қонаев қаласында жаңа «Барыс» эко-паркінің негізі қаланып, алдағы уақытта оны заманауи демалыс орнына айналдыру жоспарланып отыр.

Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ірі сенбілік ұйымдастырылды. Шараға өңір бойынша 30 мыңға жуық адам қатысып, 200-ге тарта арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 20 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 394 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Nur.kz порталына сілтеп хабарлады.

Негізгі іс-шаралардың бірі Қонаев қаласында өтті. Мұнда 10 гектар аумақты қамтитын «Барыс» эко-паркінің іргетасы қаланып, алғашқы көшеттер отырғызылды. Акцияға қала тұрғындары, жастар, түрлі мекеме қызметкерлері мен белсенділер белсене қатысты.

Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев те сенбілікке қатысып, экологиялық бастаманы қолдады. Оның айтуынша, Қонаев қаласында тұрғындардың демалысы мен салауатты өмір салтына қолайлы жағдай жасау маңызды, ал жаңа эко-парк заманауи қоғамдық кеңістікке айналмақ.

Жоспар бойынша биыл облыста 220 мың ағаш отырғызу көзделген, оның 22 мыңы жыл басынан бері егілген. «Барыс» эко-паркі аумағында алдағы уақытта жалпы 5 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған.

Сондай-ақ жобада жаяу жүргіншілер жолдары, жарықтандыру жүйелері мен демалыс орындары қарастырылған. Жыл соңына дейін парк толық пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, «Көшпенділер қалашығы» маңында тағы бір эко-парк салынып, онда 500 ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Back to top button