Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қазақстандықтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шектеусіз тапсыра алады

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу тәртібі жаңартылмақ.

Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Жиын барысында емтихан тапсыру процесін ашық әрі әділ ету, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған бірқатар нақты шешімдер қабылданды.

Енді жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер емтиханды ақылы түрде шектеусіз тапсыра алады. Бірақ әр әрекет арасында кемінде 10 күн үзіліс болуы тиіс. Бұған дейін тек үш рет тегін тапсыру мүмкіндігі берілетін, ал одан кейін қайта оқу талап етілетін. Жаңа өзгеріс артық шектеулерді алып тастап, процесті жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Астанадағы Ұлттық тестілеу орталығы базасында пилоттық жоба іске қосылады. Онда академиялық адалдықты қамтамасыз ететін технологиялар сынақтан өтеді. Болашақта бұл жүйе теориялық емтихандардың барлығына енгізілуі мүмкін. Сонымен бірге тест сұрақтарының сапасын арттыру үшін арнайы психометриялық зерттеулер жүргізіледі.

Емтихан процесіне заманауи технологиялар да енгізілмек. Теориялық бөлімде толықтырылған шынайылық, ал практикалық сынақта компьютерлік көру жүйелері қолданылып, ережебұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Цифрлық жүйелердің қауіпсіздігі де күшейтіледі. Жүргізуші куәлігін алуға қатысты ақпараттық жүйелер маңызды нысандар қатарына енгізіліп, оларға заңсыз араласқандарға жауапкершілік қатаңдатылмақ.

Тағы бір маңызды жаңалық – емтихан кезінде заң бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Атап айтқанда, микроқұлаққап, жасырын камера немесе басқа да тыйым салынған құрылғыларды пайдаланғандар жауапқа тартылады. Тіпті кейбір жағдайда теориялық емтихан тапсыру құқығынан бір жылға дейін айыру қарастырылған.

Сондай-ақ автомектептердің жұмысына қойылатын талаптар күшейеді. Енді олардың қызметі жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың пікіріне қарай бағаланады. Алдағы уақытта автомектептерді лицензиялау енгізіліп, талапқа сай келмеген мекемелер лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Жалпы, бұл өзгерістер жүргізуші куәлігін алу процесін жеңілдетіп қана қоймай, оның ашықтығын арттыруға және заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button