Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«ҚазТемірТранс» экс-вице-президенті 5,2 млрд теңге залал келтірді деген күдікке ілінді

Қаржылық мониторинг агенттігі «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Капеновке қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және ірі көлемде қаражат жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті қызметтік жағдайын пайдаланып, жүк вагондарын басқару қызметтерін көрсету кезінде өзімен байланысты компанияларға заңсыз артықшылықтар берген.

Осының салдарынан аталған компанияға 5,2 млрд теңгеден астам көлемде материалдық залал келтірілген.

Қазіргі уақытта Капенов халықаралық іздеуге жарияланды. Сот санкциясымен оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Келтірілген шығынды өтеу және заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш енгізді. Сот қаулысымен аталған мүлік мемлекет кірісіне өткізілді.

«Қабылданған шаралар келтірілген залалды өтеуге және заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған», – деп хабарлады уәкілетті орган.

Тергеу жалғасуда.

Сонымен қатар, уәкілетті органдардың мәліметінше, тәркіленген мүлік көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыруға ықпал етеді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button