
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаеваны қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Кездесу барысында Президентке «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қызметінің нәтижелері мен жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық бастамалар туралы ақпарат ұсынылды.
Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, Қордың қамқоршылық кеңесі әлеуметтік маңызы жоғары міндеттерді шешуге бағытталған 134 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны бекіткен. Сондай-ақ ол білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, онкологиялық қызметті қолдау аясында медициналық ұйымдар заманауи құрылғылармен, соның ішінде сәулелік терапия қондырғыларымен жабдықталған. Бұдан бөлек, өңірлерде оңалту инфрақұрылымы жаңғыртылып, мамандандырылған медициналық көмек көрсету жүйесі дамытылып жатыр.
Білім беру бағыты бойынша гранттар бөлініп, ауылдық және шағын жинақты мектептерді дамыту жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар STEM-білім беру мен цифрлық шешімдерге негізделген заманауи оқу бағдарламалары енгізілуде.
Қор балалар мен жастарды қосымша және озық біліммен қамтуға, сондай-ақ жасанды интеллект саласын меңгеруге ерекше көңіл бөліп отыр. Осы мақсатта өңірлерде білімнің қолжетімділігін арттыру шаралары қабылдануда.
Сонымен қатар спорт инфрақұрылымын дамыту, инклюзивті спорт орталықтарын құру бағытында бірқатар жоба қолға алынған.
Мемлекет басшысы қайырымдылық шараларын ашық, жүйелі әрі мақсатты түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Президент бұл бастамалардың халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.



